Махаббат тәжін киген бақытты адам…

Қалыпты

Соңғы уақыттағы бірінен соң бірі өрбіп, тулаған толқындай жарыса өткен оқиғалардан кейін әне жазам, міне жазам деп әйтеуір жеттім пернетақтаға.

Біз өзі қызықпыз:  «Уақыт жоқ, уақыт жоқ» дейміз де, қалай ғана ғаламтордың торлы орманында бір-екі сағатты өткізіп алатынымызды немесе дос-жаран, құрбы-құрдастармен бос әңгіме айтып отырып қалатынымызды білмей қаламыз.

Ал уақыт болса, оған қарамайды. Не сен оны бағындырасың, не ол сені бағындырады. Күйбең тіршілікпен зу етіп өте түсетін күндеріңді қартайған шағыңда ғана бір күрсініп аңсап қаласың…

Ал уақытты бағындыра білген адамдар ұлылар қатарына қосылған-ды.

Артына әрқайсысы мектептегі  «Қазақстан тарихы» оқулығының қалыңдығындай болатын он томдық шығармалар жинағын қалдырып кеткен Әзілхан атамыз уақытты бағындырып қана қоймай, онымен бәстесе, қатарласа жүріп күресті. Ашаршылық, қан майдан, араздық сияқты өмірдің ауыртпалығын да, қызығын да өткерді. Ал артынан қалдырып кеткен мол мұрасы қаншама!

Әзілхан аға (біз үшін ата болса да, дәл «аға» деген сөз жарасымды сияқты) мен үшін кіршіксіз махаббат, пәктік, таза, адал сезім символы. Өн бойында барша адамзатқа деген махаббат жатқандай. Оның әр шығармасынан, әр сөзінен оқырманына деген сүйіспеншілікті, ол жақсы болса екен, жақсы бола түссе екен деген ниет жататындай.

Бір ғана «Махаббат қызық мол жылдар»-мен ол қаншама ұрпаққа сезімнің нәзік ноталарын көрсетті. Студенттермен болған  бір кездесуде Әзілхан ағамызға филфак студенттері «Махаббат патшасы» деген атақ беріпті деп естігем, мен оған толықтай қоыламын. Топтасым Маржан айтқандай, «Әзілхан аға қазіргі кездің Төлегені. Жігіт болмысының идеалы»

Әзілхан Нұршайықовтың очерк болсын, эссе, әңгіме тіпті күнделік, естеліктерінде де бір ғана мақсат бар – оқырманын жақсы жаққа тәрбиелеу, оны еңбексүйгіштікке, адал болуға баулу. Ал Әз-ағаның мына бір сөздеріне не дерсіз?! :»Ғашықтар – махаббат отанының патриоттары. Ғашыққа деген махаббат та отандық махаббатқа ұласады. Қызға ғашық бола білген жігіт — Отанды қорғай алады. Махаббат негізі – Отан!»;

«Махаббат — ақылдың, ойдың, сезімнің, ең бастысы сенімнің тұтас бірлігі. Ал сезім алдымен махаббатты оятады. Махаббат осы сезімнің соңынан ілесе жүреді. Сенім бастайды, махаббат қостайды. Қысқасы, махаббат жұрттың бәрінде бірдей бола бермейді. Махаббат болмаса адам айуанға айналып кетер еді».

Махаббатты соншалықты асқақтатқан, оны соншалықты нәзік те ұлы сезім қылып жырлаған Әзілхан ағамыз. Мысалы «Ботакөз» әңгімесіндегі екі-ақ шумақ өлеңге назар аударайықшы:

Ботакөзге

(1-ші жыр)

Маған арнап бір қараса Ботакөз-

Өміріме өшпес шырақ жаққаны!

Айтса жылы я бір дыбыс, я бір сөз

Есігімді бақыт келіп қаққаны!

 

Бір минут ол алса мені есіне-

Қуаныштың өзен болып аққаны!

Жымиғаны – таусылмайтын несібе,

Күлсе егер – жүрекке гүл таққаны!

Ал Әзілхан ағаның Халима апайымызға деген махаббатын білеміз:

«Ал, өзім Маңғыстаудан 60 тонна ақ тас алдырып, Халиманың басына Қозы-Көрпеш пен Баян сұлу сияқты етіп алты қанат үй тәрізді кішкентай күмбез орнаттым. Қозы-Көрпеш пен Баянсұлудың бейітіне ұқсатқаным – екеуміз барып ол бейітті көргенде Халима апасы мен жездесінің бейітін босағасын құшақтап, жылап тұрып: «Екеуміз де осылардай болып, қатар жатсақ-ау!» деген еді. Халиманың сол арманын орындау үшін күмбезді киіз үйге ұқсаттым. Халима апаларың туралы, әзірше, қолымнан келгені осы.

Ешкім өлген әйелін жоқтап, оның қабірінің басына қайта-қайта бармайды. Бүгін (18. 04. 2010.) Халиманың қайтыс болғанына 3183 күн болды. Осы уақыт ішінде жан жарымның басына жүзден аса рет бардым. Алғашқы 40 күнде күн сайын барушы едім. Кейін Жаңа жылда (1-қаңтарда), 8-Наурызда, 9-10-мамырда (9-мамыр Жеңіс күні, 10-мамыр Халиманың туған күні), 15-желтоқсанда (өзімнің туған күнім) Халиманың басына барып қайтамын. Барған сайын оның өлердегі өтініші бойынша Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» өлеңінің алғашқы екі жарым шумағын құран орнына оқимын. Басына гүл қоямын. Осының бәрі көңіліме медеу»

Енді міне Әзілхан ағамыз да соңғы сапарына аттанды. Әзілхан ағамыздың аты ешқашан өшпейді. Өйткені артында өзі мәпелеп жеткізген махаббат туын берік ұстаған ұрпағы қалуда…

«Махаббат патшасы» бола білген Әз-ағаның құрметіне жылына бір күн «Махаббат патшасы-Әз-аға» деп (көктемнің шуақты бір күні болса!) махаббат күнін мереке етіп өткізсек… Бұл күнде еліміздің қос ғашықтары махаббат жырын жырлап тойласа Әз-ағамыз үстімізден қарап күлімдесе, шіркін! (қайдағы жоқ валентин күнін тойлағанша, ҚАЗАҚТЫҢ махаббат символына айналған Әз-ағаны бір еске алып, махаббат күнін қарсы алған жөн деп ойлаймын) Мұның өзі жастардың Әз-ағаға айтар алғысы болады деп білем. (туған күні мен қайтыс болған күні өз алдына бөлек болады ғой)

 

P.S Халима апаның күмбезі ішіндегі қос қабірдің жоғарғы жағына мына сөздерді жазғызған:

«Халима екеуміз бір-бірімізге тоғыз жыл ғашық болдық. Одан кейін 54 жыл қол ұстасып, ләззатты өмір сүрдік. Дүние жүзіндегі көп ғашықтардың қолы жетпеген МӘҢГІЛІК МАХАББАТ тәжін басымызға кидік. Біз өз заманымыздағы ең бақытты қарапайым адамдардың бірі болдық».


Advertisements

14 thoughts on “Махаббат тәжін киген бақытты адам…

  1. Ее, өзің айтқандай , осындай адамдар да өмірден өтіп жатыр-ау, солардың жолын берсін, тәжін кигізсін, 9 жыл ғашық болып , 54 жыл отбасылық жарасымда өмір сүру деген екінің бірі емес, мыңнан біреуіне ғана бұйыратын бақ шығар

  2. «Халима екеуміз бір-бірімізге тоғыз жыл ғашық болдық. Одан кейін 54 жыл қол ұстасып, ләззатты өмір сүрдік. Дүние жүзіндегі көп ғашықтардың қолы жетпеген МӘҢГІЛІК МАХАББАТ тәжін басымызға кидік. Біз өз заманымыздағы ең бақытты қарапайым адамдардың бірі болдық».
    Ех, десей! Менде осы кісілердей болсам ғой! Әттең, бірақ менің ғашығым мені көзіне де ілмеді!!!! :((((((((

    • «Күйіп-жанып сүйген ғашығыңның саған селқос қарауынан ащы азап жоқ-ер жігітке деген тағдыр тәлкегінің ең ауыры осы» М.Горький солай деген екен… сендей жағдай жігіттердің басынан өткен де, өтіп жатыр да, өтеді де деп қояйын:) бастысы, сол жағдайдан нендей түйін түйгенің, қандай ғибрат алғаның маңыздырақ. Негізі «Қабуснама» деген данышпан кітапта: «Ғашықтықтан қашық жүр, ғашық болу ақылдылар ісі емес. Ақылды жандар-ғашықтықтан өздерін сақтай білетіндер» делінген. Ойланып көр де, ақылыңа сал:)

  3. Жігіт аз бұл заманда суйе алатын,
    Сүйгені үшін өз өмірін қия алатын,
    Қорланамын кей кезде естігенде,
    Кыз Хорланға жасаған қиянатын!

    Қазіргі заманда бұндай махаббат сезімін өз дәрежесінде сақтай білетін жігіттердің саны күн санап азайып бара жатканы,әттең көңіл қынжылтады!Әзілхан Нұршайықов ағадай адам ғасырда 1 туатын жандар!

  4. ия, шыны керек, қанша ғашық болса да, дәл осындай бір-біріне мәңгі ғашық болып өткен адамдар-ай деп ойлай алмайсың. Олар өмірде бір-біріне қабақ шытып көрген адамдар емес, 9 жыл ғшық болып, 54 жыл бақытты ғұмырын бірге өткізіп, артына қалдырып кеткен үлгі-өнегесі қаншама! Әпағамыздың өзі жазып кеткен «Мәңгілік махаббат жырында» Халима анамыздың өмірі бүткіл қазақ баласына өнеге. Шіркін-ай десеңші, дәл осы Халима анамыздай қазақта керемет ана болмаған шығар. сенбесеңіздер Әзағаның жаңағы айтқан шы,армасын алып оқыңыздар.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s