Көршілерден ұят болды…

Қалыпты

Шынымды айтсам, газетті күн сайын  жібермей оқимын деп айта алмаймын. Қолыма түсе қалған не қол босаған уақытта ғана оқимын. «Сұрапыл» сессияларға дайындалып, кітапханадан шықпай жүрген кездерде, қолыма «Жас Алаштың» соңғы нөмірі түсе қалды. Сабақтан біраз дем алайын деп оқи бастадым. Ішінде, өкінішке орай бұрын естімеген, Мұхтар Шерімнің сатирасын оқып алып, тыныш кітапханада күлкіге бастым. Сөйтіп әбден дем алып алғаным бар. Сіздер де оқып көріңіздер)

Көршілерден ұят болды…

Өзiмдi-өзiм қытықтайын деп емес, құттықтайын деген оймен ойым он саққа жүгiрiп, қиялым қиярдай туралып, жүрегiм қарбыздай жарыла жаздап, компьютер орталығына бардым да, өзiме арнап құттықтау сөздер жазғызып алдым. Орталық пошта арқылы өз мекен-жайыма салып жiберiп, ал күтейiн. Қазiргi жастарға рахат, ұялы телефонымен СМС дегендей, бiр-бiрiне боратып жазып жатады.

Баяғыда қыздарға хат жазып, жарты ай күтiп үйренген байғұс басым, үш күннен кейiн дарбазамның сыртындағы пошта жәшiгiмдi қарасам, хат келiп тұр! Ойпырмай, маған да хат келедi екен-ау! Қуанғанымнан қолтығымды қаси бердiм, қуанғанда сөйтетiн әдетiм бар. Әйелiм мен бала-шағамның көзiнше оқи бастадым:
“Битiн сыққан, сiңiрi шыққан, аса кедей тұратын қадiрлi қазақ Жартыбай Жарымағанұлы! Сiздi және сiздiң жанұяңызды Жаңа жыл мерекесiмен құттықтамаймын! өйт­кенi, сiздердiң Жаңа жылдарыңыз әлi алда, 22 Наурыз!
Соны ұмыттыңыз ба, қауақбас!
Сәлеммен, Америка президентi Барак ОБАМА”.
Әйелiм маған, мен әйелiме қарадым. Америка президентiнiң атынан өзiме-өзiм хат жолдасам да, шынымен қуанып, бiр жағынан ойланып қалдым! Жарайсың, Обама! Бiрақ, Қауақбас деп кекеткенiң ұнамайды ендi… Әйелiм хатқа сенбейiн десе, конвертпен келiп тұр, сыртына маркалар жабыстырылған… Менi Обама қайдан таниды? өзiм де аң-таңмын. Әйелiм көршiлерiмнiң көзiнше оқып бергенде, төбем көкке екi сантиметр, жо-жоқ, бiр миллиметр жетпей қалды… Содан дәнiгiп алған мен пақырың, өзiме боратып хат жа­за бастадым. Пошта жақтан кешiгiп келе берген соң, жұртқа бiлдiрмей, түнделетiп дегендей, пош­та жәшi­гiмнiң тесiгiне лып еткiзе сала қоя­мын! Жаңа жылға бiр апта қал­ған­да, Құдайым-ау, кiмнен дейсiз бе, премьер-министрден! Көршiлер­дiң көзiн­ше оқи бастадым:
“Аса қадiрлi Жартыбай Жарымағанұлы! Сiздi, және сiздiң әйелi­ңiздi, көршi­лерiңiз­дi келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сiздi желтоқсан айында өтiп кеткен саммитке қатысуға шақырайын деп едiк, әдiресi­ңiздi бiлмедiк. Кешiрiңiз… С приветом, Коля”.
Қуанғаным-ай! Үкiмет халықпен қашанда бiрге деген осы! Көршiлерiм де құттықтап жатыр! Премьер-министрдiң ниетiнен айналайын, шақырған жерге күнде бара алмаймын ғой, дәл саммит өткен күнi құдамыздың алпыс жылдық мерей тойына бардық емес пе?
Ертеңiне де еңiреп тағы бiр хат келдi! Көршiлерiм күнде үйiмiзде. Хат келмеген күндерi: “Жартеке, қашан хат келедi?” – деп сұрайтын болды, тап бiр пенсия алатындай…
“Сәлеметсiз бе, Жартыбай аға! Сiздi Жаңа жыл мерекесiмен құт­тық­таймын! Сiз елiмiзде өршiп тұр­ған туберкулезбен, гайморитпен, гас­тритпен, қан қы­сы­мы­­мен, қант диабетiмен, тағысын тағылармен еш уақытта ауырмаңыз! Келер жы­лы кене шақпасын! Әрдайым, көңi­лi­ң­iз­дi ән көтерсiн! Сәлеммен, Роза РЫМБАЕВА”. Қуанғанымнан қолтығымды қаси бастадым. Мұндай әдет көр­шiлерiме де жұққан ба, олар да қолтықтарын қасып жатыр. Қуанышыма ор­тақ­тасқандары ғой. Содан не керек, тағы бiр күнi хат алдым: “Барлық елдердiң қайыршы-кедейлерi, бiрiгiңдер!” Сәлеммен, Қытай коммунистiк партиясы атынан Владимир Ильич Ленин”.
Әлдеқашан сүйегi қурап кеткен Ленин менi қайдан таниды? Осы жолы жастар тiлiмен айтсам, “қуып” кетiппiн, дегенмен, Лениннен хат алғаныма қуанып, төрт күн бойы “жуып” кетiппiн… Негiзi қате өзiмнен, В.И. Ленин атынан Қытай коммунистiк партиясы деп жазғым келген. Содан көршiлерiм келмей қойды… Сенбей қалды ма, әйелiм де маған күдiкпен, бетiме тесiле қарайтынды шығарды. өзiм де, өзiме күдiкпен, айна­дағы бетiме тесiле қараймын… өзбекстан президентi Ислам Каримов хатын былай жазыпты: “Жартыбай братишка! Жаңа жылыңмен табриклаймын! Қазақ­станда өткен саммитке қатыса алмадым, кешiр. Қойдың кезегi шығып қалды…”
Дәл Жаңа жыл күнi тағы кезектi хатымды алдым. “Әй, Жартыбай! Ит, шошқа, ноқаты кем десе! Адам өзiне-өзi хат жаза ма екен? Одан да посылка салмайсың ба? Сәлеммен, Амантай қажы…”
Көр­шi­лерiм “Жартыбай Жаңа жыл қарсаңында жынданып кеттi!” деп сыбыр­ласты… Әйелiм менi қоярда қоймай тәуiпке апарып “оқытты”. Не iстесем екен? өзiме-өзiм хат жазуымды тоқтата алар емеспiн… Ендi облыс әкiмiнен хат күтiп жүр­мiн… Бiр күнi пошта жәшiгiнен әйелiм жазған хат алдым. “Оңбаған Жарты­бай! Қаншама конверт, марка құрттың! Оған кеткен ақшаға тұз, вермишель ала­тын едiк қой! Бала-шағаңды хатпен асырайын деп пе едiң? Сүмелек десе! Ел-жұртқа мас­қара болдық! Мен төркiнiме кеттiм! Жаңа жылды сол жақта өткiземiн! Қарның ашса, өзiңдi асырайтын ба-а-ай қатын ал! Сәлеммен, экс-қаты­ның Қатипаш”.
Аптығым басылып, аузым ашылып, кешеден қалған көже­нi ұрттап отыр­мын, миым ашып, шынымды айтсам, “құрттап” отыр­мын…
Мұхтар ШЕРIМ
Advertisements

8 thoughts on “Көршілерден ұят болды…

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s