Көртышқандар неге соқыр?

Қалыпты

Көптен бері блогқа жазбай кеттім. Өмірдің сан өзгерістерінен, қармен бірге түсе қалған емтихандардан уақыт болмай кетті. Алайда жазатындарымды ең бастысы, ойымда тәптіштеп сақтап жүрдім:)

Менің ең алғаш газет бетіне шыққан жазбам «Ұлан»-да жарық көрген бір ертегі болатын. Үшінші ме екен төртінші сыныпта ма екен жазған шағын ғана ертегіні өз ойымнан құрастырып жазғанмын. Жалпы ойдан ертегі шығаруды жақсы көрем. Тек ол үшін кейде бір жағдай, оқиға түрткі болу керек. Сондай жағдай болды ғой деймін, бір ертегі шығарғым-ақ келді:) Сонымен – «Көртышқандар неге соқыр?» Оқып, сындарыңызды ортаға салыңыздар.

Алдымен бастамас бұрын көртышқандар туралы аз ғана мәлімет беріп кетуді жөн көрдім:

Көртышқан-(орысша «крот») Soricomorpha отрядындағы сүтқоректі жануар. Еуразия мен Солтүстік Америкада кең таралған. Денесі 5-тен 21 см-ге дейін, ал салмағы 9-дан 170 г.-ға дейін жетеді. Жерасты өміріне бейімделген. Құйрықтары қысқа. Басы үлкен емес, ұзындау келген. Көртышқандардың көзі нашар көреді. Кейбірінде көзін терісі жауып тұрады. Жерді қопарып, оның аэрациясына пайда келтіреді. Алайда кейбір түрлері бақша көкөністері мен жемістерінің тамырларына зақым келтіреді.

Ал енді ертегімізді бастайық:)

Көртышқандар неге соқыр?

Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде біздің жерімізде үлкен бір көртышқандардың тайпасы тұрыпты. Олар шет-шетінен көрікті, мықты жануарлар болыпты. Жердің бетінде еркін өмір сүрген оларға басқа жануарлардың барлығы қызығады екен. Сөйтіп жайма шуақ күндердің бірінде көртышқандардың бағзы заманнан бері келе жатқан қас жаулары түлкілер көртышқандардың мұндай жайбарақат күн кешкеніне қызғанып, қулықпен олардың жеріне төніп келіп, шұрайлы жерлерін тартып алады. Мұндай шабуылды күтпеген көртышқандар аманы бар, сауы бар жер астына қашып кіріп, жер астын паналап қалады. Сөйтіп олардың басына да ауыр күндер төнеді.

Күннен күн өтіп, айға, жылға тіпті ғасырға ұласып кете береді. Сөйтіп баяғы жер бетінде асыр-салып ойнақшыған көртышқандар жер астында жер қазбалап қала береді. Ұрпақтан ұрпақтары ауысып, бір кездері жер бетіндегі ең мықты жануарлар болғанын олар мүлдем ұмытып кетеді. Қараңғыда олардың сана-жүрегі де қараңғыланып, кей кездегі ең ақылды да парасатты жануарлардың орнында енді пасық та санасыз жануарлар жер қазбалап жүгіріп жүреді.

Солардың ішінде баяғы бақытты дәурен күндерді есінде сақтап жүрген бір Қария деген көртышқан өзінің Ақылды деген немересін өз дегенімен тәрбиелеп, оған «Сен бүкіл көртышқандар тайпасын құтқаруың керек. Өз жерімізге ие болуымыз керек. Жер астынан шығар кез жетті!» деп күн сайын миына құйып, немересін үлкен серпіліске дайындайды. Ата өсиетін бұлжытпай орындауды өмірлік мақсат қылған Ақылды атасының кеңесімен көртышқандар иелігінің ең биік тауының басына шығып сол жерден төбеге қарай күн сайын қаза бастайды. «Мен тайпамды құтқарам» деп қайталай берген ол біршама жердің үстіне қарай жол қазып қояды. Басында ешкім мән бермеген оған күн сайын басқа көртышқандардың назары ауа бастайды.

Осындай күндердің бірінде күнделікті әдетінше Ақылды өзінің қазба жұмыстарын жүргізіп жатады. Оның қызу жұмысын көріп қалған екі көртышқан қасына таман жақындап әңгіме бастайды:

– Осы Ақылды өзінше ақылсынып, не қазбалай береді екен?

-Ол бүкіл көртышқан атаулыны құтқарам, жарыққа шығарам дейді ғой

-Өй, өзінің тоқмейілсуін… ал сонда не үстінде де өмір бар ма?

-Оның атасының айтуы бойынша – бар. Ол ол ма, атасының айтуы бойынша, үстіндегі жердің бәрі біздікі болған екен!

-Сонда мына біреу, бізді құтқара отырып, сол жерді өзіне алып алғысы келіп жүр ғой! Сосын тағы өзінше сендерді құтқарған мен деп төбесін көкке көтеріп жүрер. Ал менің одан қай жерім кем? Көртышқандарды құтқару керек болса, құтқарар адам мен-ақ болайын!

Осылай деп екі көртышқан Ақылдының артынан келіп оны соққыға жығып, «ендігәрі жер үсті былай тұрсын, жер астын да көре алмайтындай етеміз» деп көзін тырнап алады.

Сөйтіп, байғұс Ақылды көзі көрмей, үстіне шығар мына жер болар, ана жер болар деп зыр жүгіріп,  «Мен көртышқандарды құтқаруым керек!» деп қайталай-қайталай есі ауысады. Оған күле қараған баяғы екі көртышқан Ақылды қазып бастаған жерді екеуі біріге қаза бастайды.Талмай жұмыс істеген біреуінің ойына «Мен ертең үстіне шыға қалған жағдайда, көртышқандарды құтқарды деген атақ-даңқты неге бұнымен бөлісуім керек?» деп ызадан булығып, қасындағы көртышқанның да анау ұйықтап жатқан жерінен көзін тырнап, оны да «олжадан» айырып тастайды.

Сөйтіп, жерді жалғыз өзі қаза бастайды. Алайда «көртышқандар жуырда жер үстіне шығады екен, үстіндегі жер көртышқандардыкі екен» деген өсек бүкіл тайпаға жайылады. Сөйтіп бірінен соң бірі естіп, естіп қана қоймай, бәрі дерлік бірінші болуды армандап, көртышқандар біріне-бірі жау бола бастайды. Бірі жетістікке жетсе, екіншісі оны тырналап алады. Екіншісі жетістікке жетіп, жер үстіне шығуға таяу қалғанда, оны «сен бірінші болмайсың» деп үшіншісі тырналап алады екен. Сөйтіп бір-бірін көре алмай, қызғаныштан көздерін тырналап болдырған көртышқандардың ешқайсысы да ақыр аяғында жер үстіне шыға алмапты. Олардың бір-бірінің көздерін тырналағаны сонша, қанша ұрпақ ауысса да, көздері сол баяғынша жабулы, тырнаулы күйде қалып қойыпты. Сөйтіп қызғаныш пен көреалмаушылықтан көртышқандар соқыр болып қалыпты деген аңыз осылай тараған екен:)

P.S біреудің жетістігіне қуана білу деген, біреудің артықшылығын  қабылдай алу дегеннің өзі де өнер шығар… Қанша жерден қызғаныш сезімі бойыңды билесе де, оған бой бермей, ең бастысы, көкірегіңді соқыр қылма…

 

Advertisements

15 thoughts on “Көртышқандар неге соқыр?

  1. Үшінші-төртінші сыныптағы қарапайым оқушының бұндай астарлы ертегі жазуы ерлік болар. Ғибраты мол екен. Рахмет!!! Есіме еріксіз билік басында жүрген «ағаларым» есіме түсіп кетті. Оппозиция өкілдерін бір арнаға түсірмей жүрген де осы «біріншілікке» талас болса керек

    • пікіріңізге рахмет, akiyk! Бірақ сіз дұрыс түсінбедіңіз, үшінші-төртінші сыныпта жазған ертегім басқа)) жалпы ойдан ертегі шығару бұрыннан бері келе жатқан ермегім деп айтқым келгені ғой:) ал бұл кәдімгі қазіргі уақытта жазғаным:) ал сол үшінші сыныптағы ертегінің мазмұны қызық болса, бір кез келгенде шығарып қояйын:)

  2. Айжан тамаша аңыз….
    Расында мектепке саяхат жасағандай болдым… Ұсыныс осы ертегіңді балар журналыны немесе ертегі жинаққа басып шықсаң өте дұрысболар еді..Менің пайымдауымша осы ертегі жас бүлдіршіндерге жақсы тәрбие бере алады…… Хат жазысып хабарласып тұрайық…

  3. ана румынский ма, жоқ польшаныкі ма бір мультик бар еді ғой кішкене көртышқан туралы түк сөзі жоқ болса да қызық мультик, менің бір братишкам өліп көретін осы мультикті, сосын қара киіп алып, я крот деп жүретін хаха

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s